ЧЕМПИОНДАР МЕКТЕБІ ТАҒЫ ТОП ЖАРДЫ

135 просмотров

    71 мемлекеттен келген дзюдошылар арасында өрбіген бәсекеде үздік үштіктің қатарынан көрінген  Айдар  Арапов Түркістанға зор қуанышпен оралды. Алматы қаласында кадеттер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған балуан бұған дейін де талай жарыстарда топ жарып жүрген спортшылардың бірі.

  Чемпиондар мектебінің мәртебесін тағы бір асқақтатқан спортшыны Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымы, отбасы мүшелері мен спорт сүйер жастар қошеметпен күтіп алды.

    Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмағанбет Бердашев балуанды кезекті жеңісімен құттықтап, қаржылай сый-сияпат табыс етті. Анасы Раушан Битанова ерекше  тебіреніспен сөз сөйлеп, ұлының жеткен жетістігін мақтан ететіндігін атап өтті.

   «Дзюдомен 4-сыныптан бері айналысып келемін. 7 жылдың ішінде ҚР чемпионатынан 2-орын алып, Ұлттық құрама сапына ендім. Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткіздім. Бір ай бұрын Тайпей қаласында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақсам, бұл жолы қола медальды місе тұттым. Бапкерлеріме, жанкүйерлеріме қолдау білдіргендері үшін алғысымды білдіргім келеді»,- дейді спортшы.

        81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін 17 жастағы балуан алдағы жастар арасындағы Әлем, Азия біріншіліктерінде бақ сынауды көздеп отыр. Дайындығын пысықтап,  алға қойған мақсатын  жүзеге асырмақ ниетте.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

«Түркістан».

Сурет автордікі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары