ТАРИХИ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕР – РУХАНИ ҚАЗЫНА ҚОРЫ

126 просмотров

   Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» -деп, жаңа межені алға қойды. Сондай-ақ, Елбасы кино саласының мамандарын қабылдағанда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпалын тигізуі тиіс патриоттық тақырыптағы фильмдер өндірісі қажеттігін, қазақстандық жас буынды адамгершілік рухта тәрбиелеуге бағытталған анимациялық фильмдер жасаудың маңыздылығын айтқан болатын.

   Осындай мақсаттарды алдына қойған «Оңтүстікфильм» мекемесі «САҚ» киностудиясымен сол уақыттағы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырысы мен идеясының негізінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында осындай бірнеше анимациялық фильмдер мен тарихи туындылардың түсірілімдерін жүзеге асырған болатын. Елдік рух пен патриоттық сезім қалыптастыруда отандық кинематографияның рөлі орасан зор. Көне тарихымыз бен рухани құндылықтарымызды түгендеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттайтын, ұлттық бірлікті арттыратын жобалардың бірі – осы кинематография саласының тарихи туындылары.

         «Оңтүстікфильм» мекемесінің директор міндетін атқарушы Райхан Нарикова:

-​ ​ ​Біздің мақсатымыз облысымызда кино мен анимация саласын дамыту. Осы мақсатта соңғы екі жылда облыс әкімдігінің қолдауымен аты республикамызға белгілі «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі бірлесіп 6 анимациялық фильм, 2 телехикая, 1 деректі фильм түсірді. Атап айтқанда, «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт», «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан», «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмдері, «Төле би» тарихи және «Көне жетігеннің сыры» мен «Ұлы жібек жолы бойындағы көне қалалар» телехикаялары. Патриотизмге негізделген аталмыш фильмдер өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге шақырады. Тағы да ерекше атап өтерлігі, Түркістан облысының құрылуына бір жыл толуына орай 10 сериалы «Төле би» тарихи туындының тұсаукесері республикалық деңгейде Нұр-Сұлтан қаласының «Қазмедиа» орталығында өтті. «Хабар» телеарнасынан көрсетілген бұл фильм  аз ғана уақыттың ішінде халықтың ыстық ықыласына ие болды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені мұндай тарихи телехикая түсіру екінің бірінің қолынан келе беретін дүние емес. Қазақ халқының дана жетекшісі Төле бидің өнегелі өмірі мен тағылымды қызметінен сыр шертетін фильмнің жас ұрпаққа берер тәлімі де мол. Бұл телетуынды да бала Төледен ел ағасына айналған аңыз тұлғаның өмірі толықтай қамтылған. Қалың көрерменнің жоғары бағасына ие болып үлгерген «Төле би» тарихи фильмінің көрсетілімі білім беру мекемелерінде, мектептерде қойылды. «Төле би» кинохикаясының жас көрермендерге ұнағаны соншалық, көрсетілім кезінде әр эпизод сайын қол ұрып, жас Төленің тапқырлығымен оның шешендігіне куә болды. Тарихи туындының жас ұрпақты тәрбиелеудегi маңыздылығы көрініп-ақ тұр. «Төле би» фильмінің  көпшіліктің қолдауына ие болғанын төмендегі пікірден де білуге болады. Атап айтсақ, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбекқызы: «Батырхан Дәуренбеков түсірген «Төле би» фильмі қарапайым, оқиғасы қисынмен өрбиді. Ауыл өмірі тиянақты зерттелген. Режиссердің оқиғаны қарапайым шешетінімен сүйсіндіреді. Жер дауы, жесір дауы, Жеті жарғының талқылануы кеңейтіліп көрсетілген. Соңғы жылдары тарихи фильмдер жиі түсіріле бастағаны қуантады» – деп, пікірін білдірген. 

 Сонымен қатар, Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және “Ұлы даланың жеті қыры” мақалаларына арналған және облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, «Ұлы дала ізімен» жобасы аясында Түркістан облысында түсірілген көркем және анимациялық фильмдер облысымызға қарасты барлық аудан-қалаларында өтті.

Елімізде кенже қалған қазақ анимациясының ел аумағында өрістеп қана қоймай, халықаралық деңгейде кең танылуына да жол ашып жүрген жаңашыл да жасампаз режиссер, «САҚ» киностудиясының режиссер-сценарисі, әйгілі аниматор Батырхан Дәуренбековтің ерен еңбегін айрықша атап өтпесе болмайды. Қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаровтың алдынан өтіп, ақ батасын алған  Батырхан Қалдарбекұлы  көптеген анимациялық және көркем, деректі фильмдердің режиссер-сценарисі.  Өз ісінің нағыз майталман маманы. Кәсіби шеберлік пен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды қайта жаңғырту арқылы елжандылық рухын насихаттап жүрген дарынды азамат. «САҚ» киностудиясының әр фильмі, Батырхан Дәуренбековтың әр туындысы бәсекеге қабілетті, сапалы, патриоттық тәрбиеге негізделген, ұлттық тәрбиелік маңызы бар, отансүйгіштік сезімді арттырары сөзсіз.

                Алдағы уақытта да еліміздің Түркістан өңірі мен елімізді танытатындай сапалы кино түсіруді жалғастыратын боламыз. Мұндай кинокөрсетілімдер әрі қарай да жалғасатын табатын болады”,- деп біршама жетістіктерге тоқталды.

                Әр туындының айтар​ өз тарихы, ерекшелігі бар. Анимациялық фильмдердің балаларға беретін тәлім-тәрбиесі де мол. Бұл фильмдер көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерді насихаттап, халық ауыз әдебиетіміздегі жыр-дастандарымыз  арқылы өскелең жас ұрпаққа өз елінің тарихын, салт-дәстүрін дәріптеп, батырлық сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында түсірілген. Сондай-ақ, көптеген туындыларды әлеуметтік желіде миллионнан астам көрермен тамашалап, жақсы пікірлерін білдірді. Міне, бұл кинематографтардың кино саласына қосқан қомақты үлесінің жемісі. Көрерменнің үдесінен шығу жолында атқарылған игі істер оң нәтижесін беруде. Осындай қарқынмен, Түркістан облысы мәдениет басқармасы ұлттық кино мен анимациялық фильмдердің дамуына ерекше үлес қосуда.

Динара Жұмағалиқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары