МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕГІ МӘРТЕБЕНІ “TELEGRAM” АРҚЫЛЫ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ

308 көрілім

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындардың әлі де болса толық қатыстырылмауы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ-ның Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, өңірде 1 млн 640 мыңнан астам тұрғын медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген. Ал, 380 мыңнан астам азамат әлі жүйеге тіркелмеген. МӘМС жайлы халықты толық ақпараттандыру мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы және “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ-ның өңірлік филиалы бірлесіп, тұрғындармен кездесу өткізді.Ашық диалог алаңына келген азаматтардың басым бөлігі сақтандыру жүйесіндегі мәртебені анықтау жолдары, жүйе арқылы медициналық қызметтерге жүгіну және өзге де сұрақтарға жауап алды. Қор өкілдерінің айтуынша, қазір жүйедегі сақтандыру мәртебесін бірнеше жолмен тексеруге болады. Ең қолайлы тәсілдердің бірі – “Telegram” әлеуметтік желісіндегі @SaqtandyrýBot атауымен арнайы ашылған бот. Тіркелуден өткен соң, «Сақтандыру мәртебесін тексеру» бөлімі арқылы анықтау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ сақтандыру мәртебесіне ие азаматтар өзі тіркелген емхананың медициналық қызметтерін пайдалана алады. Аталған қордың облыстық филиалының директоры Асхат Бейсенбаев жаңа толықтырулар мен өзгерістер жайлы атап өтті.

– Өзгерістердің бірі қыркүйек айынан басталып, дербес төлеушілер үшін ай сайынғы ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ын яғни 3000 теңге көлемін құрайтын болады. Ал, берешегі жоқ дербес төлеушілер ай сайын төлеу құқығын сақтай отырып, жарна төлеуді жалғастырады. Дегенмен, жүйеге енгізілген азаматтар арасында жарнаны тұрақты төлемейтіндер, жеңілдік санатынан шыққандар және әлі күнге дейін жүйеге қатысу мәртебесі беймәлім адамдар да кездеседі. Осыған байланысты сақтандыру қорының филиалдарына аталған мәселені шешуге қатысты тапсырмалар жүктеудеміз. Сондай-ақ ауыл-аймақтарда насихаттау жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.Айта кетерлігі, тұрғындарға жедел медициналық көмек қажет болған жағдайда “QOLDAU 24/7” мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Онда бір реттік уақытша сақтандырылу үшін өтінім жіберуге болады. Мәртебені қолдануға 1 ай мерзім уақыт беріледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары