ЖАҢА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

154 көрілім

Жақында қаламызда Президент саябағы ашылды. Шаһардың ауа райын жақсартып, көгалдандыруға оң серпін беретін саябақтың ашылу салтанатына ел ағалары, ақсақалдар, әкімдік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жалпы, аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Бұрын бұл жер бос алқап болатын. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Биыл көктемде осы су айдынында триатлоннан Қазақстан кубогы жолындағы жарыс өткізілді. Мамандар мен спортшылар Түркістандағы жасанды көлге оң пікірлерін білдірген болатын.

Аталмыш саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрі гүлмен көмкерілген екен. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар. Сонымен бірге, жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері отырғызылып, жарықшамдар орнатылған. Әсем әрі көрікті саябаққа көпшілік қауым ыстық ықыластарын білдіріп, кереметтілігіне тәнті қалуда.

Саябақтың ашылуына орай, «Түркістан маржандары» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Түркістанның жаңа туристік орнына арнайы келген тұрғындар мен қонақтарға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынса, кеш соңы жалпыхалықтық серуенге жалғасып, келген жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары