ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

251 просмотров

2019 жыл «Жастар жылына» орай «Recomp» ЖШС оқу орталығы , «Сенім жүрек» мүгедектер қоғамдық бірлестігі,«Delux group&Co» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Мен жас кәсіпкер» атты іскер жастарға арналған оқу жобасы жүзеге асқан болатын. Бұл жоба жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-60 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Аталған жоба қатысушыларға тың серпіліс бергені ақиқат. Соның нәтижесі бүгінгі басқосу. Болашақ мамандарды қолдап, олардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығында «Мен жас кәсіпкер 2019» байқауы өткізілді. Сайыста Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Төле би, Жетісай, Мақтаарал аудандарынан, сондай-ақ, Кентау қаласынан болашақ кәсіпкерлер өзара бәсекеге түсті.


Тартысты бәйгеге Жұмыспен қамту басқармасының бас маманы Махамбет Абдулла, сұлулық және спорттық индустрия төрағасы Шынар Қалмұхан, «Delux group&Co» орталығының директоры Жандос Мұхамедияұлы, «Сенім жүрек» мүгедектер қоғамының директоры Гүлбахида Тажибаева, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Бауыржанұлы әділ қазылық етті. Сайыс нәтижесі бойынша І орын Ордабасы ауданы, ІІ орын Төле би ауданы, ІІІ орын Кентау қаласынан келген қатысушыларға бұйырды.Бұл жоба қысқа мерзімді оқу. Өзінің мамандығынан бөлек өзге жұмыс жасағысы келетіндер тіркеліп оқи алады. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына барып құжаттарды өткізу қажет. Бұл жерде 10 ауданның оқушылары сайысқа қатысып отыр. Мұндағы басты мақсат – шеберлік сабақ арқылы өз деңгейлерін біліп, бір-бірімен тәжірибе алмасу. Жас, орта буын, тіпті 60 жасқа дейінгі азаматтар бұл жобаға қатысып, бақтарын сынай алады,- деді «Recomp» ЖШС орталығының басшысы Әсел Оспанова.


Әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуды көздейтін еліміз үшін кәсіпкерлікті дамыту өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондай мақсатта, шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен мүмкіндіктер берілуде. Бұл кәсіпкерлерді қолдау жобасы 2021 жылға дейін өз жалғасын табатын болады. Мұнда 3 ай көлемінде оқытылып, сертификаттар табысталады. Осы мерзімде әр ай сайын 16750 теңге шәкіртақы да тағайындалған. Бұл бастама, жұмыссыз жандарға үлкен қолдау болып отыр.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары