ЕЛ НАМЫСЫ – ЕР НАМЫСЫ

356 просмотров

Аттыға ілесе алмай жаяу кісі,

Атандым мен де елдің қалаулысы.

Бел будым тәуекел деп қиын сынға,

Болам деп өз елімнің қалаулысы, – деп өз өлең жырына арқау еткен, халқының қалаулысы, елінің елеулі азаматы бола білген, Ақсүмбенің ақсұңқар тумасы көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туысы – Рахматулла Момбеков жөнінде сыр шертпекпін.

Момбеков Рахматулла 1932 жылы Түркістан ауданы, Ескі Сауран қаласының жанындағы 1 май колхозына (қазіргі Майдантал) қарасты Бақкелді керізгі ауылында туылған. Түркістан қаласындағы Ленин атындағы орта мектепті 1949 жылы алтын медальмен бітіріп, сол жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына түсті. Аталмыш оқу орнын 1954 жылы үздік студенттер қатарынан орын алып, қызыл дипломмен тәмамдап, ветеринар дәрігер мамандығының иесі атанады.

1961 жылы 29 жасында Түркістан аудандық атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары, аудандық партия комитетінің екінші секретары, одан соң ұзақ жылдар бойы, 1970 жылдан бастап Түркістан аудандық атқару комитетінің председателі, 1977 жылы Алғабас аудандық, 1983 жылдан 1988 жылға дейін Созақ аудандық атқару комитетінің председателі болып халқына үздіксіз қызмет етті.

Рахматулла ағамыз ел мен ағайын алдындағы міндетін терең түсініп, оны өзінің азаматтық міндеті санаған. Жүріс-тұрысы өте сергек, өзіне ғана тән елгезектік мінезімен ерекшеленген азамат еді. Ағамыздың елі үшін аянбай қызмет еткенінің бірден-бір дәлелі Үкімет тарапынан үш рет алған «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен басқа да наградалары.

Рахматулла ағамыз тек Момбековтер әулетінің ғана емес қалың қазақ мақтан етіп, үлгі етердей елеулі еңбек, салихалы ой иесі ретінде ақындық қырымен де танылған атпал азамат еді.

Алдыңғы буын ағалардың үлгі өнегесінен тәлім алып, кейінгі буын інілерге бағдаршам іспетті айқын да даңғыл жол сала білген ағамызды сұм ажал өз тырнағына ерте ілгені өкінішті. Дегенмен, «Орнында бар оңалар» дегендей артынан ерген ұрпақтары аға ізін жалғап келеді.

Ел намысын өз намысынан қашанда биік қойған өрелі, парасатты, арыны мен дарыны егіз, мол адами қасиеттің иесі Рахматулла Момбеков ағамыздың есімі қашанда ел жадында. Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейдің екінші бөлімі киелі Түркістан топырағынан шыққан азаматтарды насихаттайтын бөлім болып табылады. Рахматулла ағамыздың естеліктерін, бірқатар дүниелерін № 19 мектептің директоры Алтынбек Момбеков музей қорына әкеліп тапсырған болатын. Музей қызметкерлері тарапынан қорға алынған дүниелер есепке алынып, іс-шара, көрме, тақырыптық лекциялар оқылып тұрады.

Сөз соңын Рахматулла ағамыздың «Ата жұрт» өлеңдер жинағынан алынған «Шықпасам шыңға шынар боп..» атты үзіндімен аяқтасақ.

Шықпасам шыңға шынар боп,

Албырттығы жасымның.

Амалым қалмай Иа, Алла,

Жыр тұлпарға асылдым,

Әруағы қолдасын,

Шәкәрім, Абай, Қасымның!

  Нұрын төккен аспандай,

 Жаңбырдан соң шашылдым.

Жапырақ жүрек! – елім деп,

Шашу боп күзде шашылдым.

  Бір пайдам елге тимесе,

Керегі не масылдың?!

Ақсүмбе БОСТАН,

Саттар Ерубаев атындағы  әдеби-мәдени музейінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары