ДЕМЕУШІЛЕРДІҢ ЕСЕБІНЕН МЕШІТ ҚАЙТА ЖАҢАРУДА

243 просмотров

Қаладағы Нәзір Төреқұлов атындағы мешіт 2006 жылы құрылысы аяқталып пайдалануға берілген. Бұл Алланың үйі ұзақ жылдар, яғни 15 жылға жуық жамағатты имандылыққа шақырған құтты орын екені көпшілікке мәлім.

Осы жылдар ішіндегі сол аумақтағы жамағатты имандылыққа ұйытып келе жатқан діни орынға келуші қала тұрғындарының саны жыл санап артып жатқаны жасырын емес. Бұл тұрғыда қасиетті орынды аялаған мешіт қызметкерлерінің қамқорлығы мен Алла үйіне деген шарапаты мол демеуші азаматтардың жанашырлық танытуында жаңартылып отыр. Былтырдан бастап, Нәзір Төреқұлов мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанынан хабарымыз бар. Осы орайда Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Қасымбековке арнайы барып жолыққан болатынбыз.

– Нәзір Төреқұлов атындағы мешітке 2019 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мешіттің екінші қабаты қайта жаңартылып, кеңейтілген болса, қазіргі таңда екінші қабатына 100-ден аса адам сиятын болды. Мешіттің сыртқы қабырғалары толық қапталып, күмбездері қайта жасалып, 3 метр биіктікке көтерілді. Бұл мешіттің бұған дейін сыйымдылығы 250 жамағат болса, бүгінде 350-400-ге жуық адам бір уақытта намаз оқитын болды. Сонымен қатар, мешітке жаңа кілемдер төселіп, есік-терезелері толық ауыстырылып, қысқы маусымға да жылу жүйесі толық қосылған. Бүгінгі таңда мешіттің келбеті келуші қонақтарға көрік беріп, алыстан менмұндалап тұр. Мешіттің барлық құрылыс жұмыстарына 40 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бұл қаржылар жамағаттың және демеушілердің есебінен жүргізіліп отыр, – дейді Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Қасымбеков.

Сонымен қатар, Нәзір Төреқұлов мешітінің жанынан діни сауат ашу курсы қызмет жасайды. Бұл діни оқу орнына күнделікті 30-ға жуық балаға ұстаз Әлібек Жұрқабаев тұрақты дәріс береді. Бүгінде өскелең жастарды имандылыққа тәрбиелеген Алла үйінің шарапатын көретін иманды жастарымыздың саны артып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бірге атсалысайық ағайын!

Қуаныш Тасыбаев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары