БИШІЛЕР ТҮРКІСТАН НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ

119 просмотров

    Нафиса Жорахан студент кезінен  Түркістанда би мектебін ашсам деп армандаған. Ол арманын шындыққа айналдыруға бір табан жақын. Әлі мектеп ашпағанымен жалға алған “Бокс Федерациясы” ғимаратындағы би үйірмесіне жетекшілік жасап отыр.

   Кейіпкеріміздің айтуынша, жоғары оқу орнында оқып жүріп биге құмар жеткіншектерді жаттықтырып жатқан сәтін көз алдына елестеткен. Бұл түні бойына  созылған сағымдай көрінген. Бүгінде 50-ге жуық шәкірті бар. 25 жастағы би тәлімгері Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де  хореография мамандығын тәмамдаған.

  “3-сынып оқып жүргенде  концертке барып бишілердің қимыл-қозғалыстарына тәнті  болғаным бар. Содан үйде айна алдында жаттыға бастадым. 2004 жылы  «Ататүрік» атындағы №17 мектеп-гимназиясында би үйірмесі ашылды. Анамның ықпалымен би әліппесімен таныстым. Жарыстарға барып, тәжірибе жинадым. Мансабымда “Биле, Қазақстан!” жобасында бақ сынап финалға дейін жеттім. Оның өзі мен үшін үлкен жетістік”,-деді Нафиса Қалмұратқызы.

 Бүлдіршіндерді нәзіктік пен сезімталдыққа жетелеп жүргеніне де 5 жылға жуық уақыт өтіпті. Үйірмеде жас бишілер ақылы негізде классикалық жанрдағы, дәстүрлі  және хип-хоп  би  түрлерін үйренеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жалғызбасты аналардың балаларына келісім бойынша үйірмеге тегін қатысуға мүмкіндік қарастырылған.

  Би әлеміндегі жемісті жылдарында шәкірттері көптеген жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, республикалық “Атадан мұра”, “Дарабоз” байқауларына қатысып,  жүлделі орындар иеленген. Алдағы жоспар 9-ақпан күні Шымкент қаласында өтетін халықаралық “Жаңа формат”  сайысына қатысу. Би аламанына Түркістанның намысын қорғайтын 27 биші бақ сынайтын болады.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

     “Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары