БЕКЗАТ ТУРАЛЫ ТҰҢҒЫШ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

73 просмотров

Бүгін «Хабар» Агенттігі» АҚ тапсырысымен түсірілген “Бекзат” көркемфильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Ғұмырнамалық фильмді
спорт саңлағының ата-анасы Сейілхан және Сырлыкүл Саттархановтар, қала тұрғындары мен жастар арнайы келіп тамашалады.


“Боксшының өмірдерегіне негізделген фильмнің көрсетілімін туған қаласынан бастағанды жөн көрдік” деген «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Ринат Кертаев құттықтауын жеткізіп, көрілім жанға жайлылық сыйласын деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов, облыстық спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев, қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев жүрекжарды лебізін арнады.


“Бекзаттай болу мүмкін емес. Болмасаң да ұқсап бақ” демейді ме қазақта?! 2013 жылдан бері инстаграм желісі арқылы нар тұлғаны насихаттап келемін. Мақсатым – үлгі тұтатын ағамның өміршең есімін жас толқынға таныту. Ең бастысы әлі Бекзат туралы талай фильм түсірілері анық. Мен соның ішінде алғашқы түсірілген фильмде чемпионның рөлін алғаш сомдаған актер болғанымды мақтан тұтамын,- деді басты рөлді сомдаған «Astana Musical» мемлекеттік театрының актері Самат Әзімқұлов.


Фильмнің қоюшы режисері Мұрат Бидосовтың айтуынша, толықметражды фильм 1 сағат 20 минутты құрайды. Қазаннан бастап отандық кинорежисердің туындысы республикамыздағы барлық кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылмақ. Ал, алты сериалы фильмі «Хабар» арнасында желтоқсан айында көрсетіледі.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары